16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына уақытша шектеу енгізіледі

Премьер-министр Олжас Бектенов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Үкімет онлайн-платформаларда 16 жасқа толмаған пайдаланушыларды тіркеуді реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер әзірлеген. Қазір бұл түзетулер Құрылтай депутаттарының қарауына жіберілген.
«Заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданғаннан кейін онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Бұл бағытқа жауапты мемлекеттік органдар – Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Қағидаларды әзірлеу кезінде онлайн-платформаларда қазір қолданылатын тетіктер, жасанды интеллект арқылы пайдаланушыны сәйкестендіру технологиялары, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескерілетін болады», – делінген жауапта.
Жаңа талаптардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін аталған норма бірден енгізілмейді.
Сонымен қатар 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың онлайн-платформалардағы қолданыстағы аккаунттарын уақытша бұғаттау мәселесі де қаралады. Нормативтік құқықтық акт Қазақстан аумағында жұмыс істейтін онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады.
Ұсынылып отырған тәсіл пайдаланушының жасын оның дербес деректерін жария етуге жол бермей растау қағидатына негізделген. Бұл балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуын шектеу тетігін әзірлеуді ұсынған еді.
Еске салайық, мұндай ұсыныс Қазақстанда айтыла бастады. Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заңмен тыйым салу туралы Үкімет ұсынысын қолдайтынын жеткізген болатын.