Енді жедел жәрдемнің қозғалысын геолокация арқылы бақылауға болады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Енді жедел жәрдемнің қозғалысын геолокация арқылы бақылауға болады / Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда жедел медициналық жәрдем көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді жедел жәрдем бригадасы шақыртуға жіберілгеннен кейін азаматтар оның орналасқан жері мен қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылай алады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен өзгерістерге сәйкес, жедел жәрдем бригадасы шақыртуға жіберілгеннен кейін пациентке автоматты түрде хабарлама келеді. Сонымен қатар, жүйе бригаданың шақырту орнына қарай қозғалысы мен орналасқан жерін көрсетуге қажетті ақпаратты геосервистер арқылы береді.

«Автоматтандырылған басқару жүйесі бригада шақыртуға бекітілгеннен кейін шақырту жасаған адамға автоматты түрде хабарлама жіберіп, бағытталған бригаданың орналасқан жері мен шақырту орнына қарай қозғалысын нақты уақыт режимінде көрсетуге қажетті мәліметтерді береді», – делінген құжатта.

Бұдан бөлек, шұғыл шақыртуларға қызмет көрсететін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының мобильді бригадаларының көліктеріне GPS-бақылау және бейнебақылау жүйелері орнатылады. Бұл бригадалардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді.

Жедел жәрдем қанша уақытта келуі тиіс?

Жаңа қағидаларда шақыртудың шұғылдығына қарай жедел жәрдемнің келу уақыты да белгіленген:

  • бірінші санат – 10 минутқа дейін;
  • екінші санат – 15 минутқа дейін;
  • үшінші санат – 30 минутқа дейін;
  • төртінші санат – 60 минутқа дейін.

Бірінші санатқа өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайлар жатады. Олардың қатарында есінен тану, тыныс алудың немесе жүректің тоқтауы, шок, құрысу және қан кетумен қатар жүретін жарақаттар бар.

Ал төртінші санат деп пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін жедел ауру немесе созылмалы аурудың асқынуы саналады.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының шұғыл шақыртуларға қызмет көрсететін мобильді бригадаларының жұмыс уақыты бір сағатқа ұзартылды. Енді олар жұмыс күндері 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұған дейін жұмыс уақыты 08:00-ден 19:00-ге дейін болған.

Бұл ретте шақыртуларды алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына қайта бағыттау үшін тіркеу бұрынғы тәртіппен жұмыс күндері 08:00-ден 19:00-ге дейін, ал сенбі күні 08:00-ден 12:00-ге дейін жүргізіледі. Осы уақыттан тыс түскен шақыртуларға жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз