Норвегия қоғамдық орындарда ақылды көзілдірік тағуға уақытша тыйым салмақ

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock

Норвегия қоғамдық орындарда ақылды көзілдірік қолдануға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Шектеу саябақтарға, жағажайларға, музейлерге, сауда орталықтарына, мектептерге, медициналық мекемелерге және көпшілік жиналатын іс-шараларға қатысты болуы мүмкін деп жазады Kursiv Media

Норвегияның цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Торгейр Микаэльсеннің айтуынша, мұндай шара адамдардың жеке өмірін қорғау үшін қажет.

«Біз көшеде жүргенде жасырын фотоға немесе видеоға түсіріп алуы мүмкін деп қорқатын қоғамда өмір сүргіміз келмейді», – деді министр.

Заң жобасын Еңбек партиясы ұсынбақ. Партия құжатты мүмкіндігінше тезірек парламентке енгізуді жоспарлап отыр. Алайда заң қабылдануы үшін басқа саяси күштердің де қолдауы қажет.

Бұл бастама Еуропада ақылды көзілдіріктерді қолдануға қатысты алаңдаушылық күшейген кезде көтеріліп отыр. Әсіресе, Meta компаниясы шығаратын құрылғыларға қатысты пікірталас көбейген.

Мәселен, Францияда балалардың құқығын қорғайтын e-Enfance ұйымы әйелдерді келісімінсіз видеоға түсіруге қатысты 20-ға жуық шағым алған. Кейін бұл жазбалардың кейбірі әлеуметтік желілерде жарияланған. Соның салдарынан видеодағы әйелдерге мазаққа және өшпенділік сипатындағы пікірлер жазылып, буллингке ұшыраған. Қазір Париж прокуратурасы осы жағдайларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Samsung айналаны талдап, түсіндіріп беретін ақылды көзілдірік әзірлеп жатыр

Сондай-ақ оқыңыз