Алматы облысында балаларды ұрған мешіт ұстазы қызметінен босатылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
ҚМБД болған жайтты растады / көрнекі фото: muftiyat.kz

Алматы облысында мешітте діни сауат курсына қатысқан жасөспірімдерді ұстазы ұрып-соққан. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Видеода мешіттегі оқу бөлмесінде ер адам жасөспірімдерді ұрып, қамшыға ұқсас затпен сабағаны көрінеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиға маусымда Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінде болғанын растады.

ҚМДБ мәліметінше, оқушылар арасында шу шыққан. Осы кезде мешіт ұстазы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру кезінде эмоцияға беріліп, педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекет жасаған.

«Бұл жағдай басшылыққа дер кезінде жеткізілмеген. Маусымның соңында арнайы жиналыс өткізіліп, мәселенің мән-жайы жан-жақты қаралды. Дүйсехан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкініш білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады», – деп хабарлады ҚМДБ.

Мүфтияттың хабарлауынша, ата-аналардың оқытушыға қатысты шағымы жоқ. Мешіт ұстазы қызметінен босатылды.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда жиі талқыланатын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Мүфтият өкілдері әйелге күш көрсету мен отбасындағы әлімжеттік Ислам құндылықтарына түбегейлі қайшы келетінін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз