Өскеменде заңсыз алтын өндірген екі шенеунік сотталды

Өскемен қаласында заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған екі шенеунік 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Kursiv.media.
ҚМА ақпаратынша, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Осы мақсатта олар өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған. Аталған серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған. Алтын өндіру жұмыстары ауыр техниканың – экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, сондай-ақ жуу жабдығының көмегімен жүргізілген», – делінген ақпаратта.
ҚМА дерегінше, заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан. Оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленген. Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы – 18,2 гектар.
Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мұның алдында ҚМА Ұлытау облысында құны 1 млрд теңгеге жуық марганецтің заңсыз сатылғанын анықтаған еді.