Жалға берілетін баспана нарығында ұсыныс сұраныстан асып кеткен

Қазақстандағы жалдамалы баспана нарығында соңғы жылдары алғаш рет пәтер ұсынысы сұраныстан асып кеткен, деп хабарлайды Kursiv.Media. Осы саладағы сарапшы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, құрылыс компаниялары ұсынған бөліп төлеу бағдарламалары инвестициялық пәтерлерді сатып алу қарқынын тым жеделдетіп жіберді. Соның салдарынан нарықта жалға берілетін бос баспаналар қаптады. Ал тұрғындардың төлем қабілеті бұл қарқынға ілесе алар емес.
Әдетте әр күзге салым студенттер мен жас мамандардың келуімен пәтер жалдау бағасы қымбаттайтын. Алайда биыл бұл қалыпты сценарий бұзылуы мүмкін. Өйткені нарықтағы баспана ұсынысы сұранысқа қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп жатыр.
Бос пәтерлер қалай көбейді?
Инвесторлар сатып алған көптеген пәтерлер қазір бос тұр, сондықтан иелері оларды жалға бермек. Экономикадағы стагнация мен халық табысының баяу өсуінен баспананы қымбатқа жалдай алатындар қатары азайды. Логикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл жағдай нарықты пәтер жалдаушылардың пайдасына қарай бұруға тиіс.
Ұсыныстың шамадан тыс көптігі туралы болжам бір бөлек те, бағаның өскенін көрсететін ресми статистика бір бөлек.
Сарапшының бағалауынша, инвестициялық пәтерлердің нарыққа жасайтын қысымы шынайы. Дегенмен ол ресми цифрларда әлі байқалмайды. Соған қарамастан жақын арада баға тез арзандайды деп күтудің керегі жоқ.
Бұл инвесторлар үшін нені білдіреді?
Пәтерді жалға беріп табыс табатын инвесторларға кірістілікті ағымдағы мөлшерлеме бойынша қайта есептеуге тура келеді. Нарықта ұсыныс көбейген сайын, жалға беру бағасына қысым артады.
Сонымен қатар жаңа тұрғындарды табу уақыты созылып, пәтердің бос тұру мерзімі ұзаруы мүмкін. Осылайша, баспананы жалға беру арқылы оңай әрі автоматты түрде пайда табу дәуірі аяқталып келеді.
Тамыз айында пәтер жалдау бағасы күрт өсіп, бір айда 4,2%-ға қымбаттады. Ал жылдық көрсеткіште баға 17%-ға көтерілген. Алайда қыркүйек айында бағаның өсім қарқыны баяулады.