Астанада автосалон директоры 6 адамды алдап, ақшасын қалтасына басқан

Астанада автосалон директоры көлік жеткізіп беремін деп, 6 адамды алдап, ақшасын қалтасына басқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бас прокуратураның мәліметінше, автосалон директоры бір жыл бойы клиенттермен Қытайдан автокөліктерді сатып алу және жеткізу бойынша брондау шарттарын жасасқан.
«Сатып алушылардан алынған ақшалай қаражатты жеке мақсаттарына пайдаланған. Автокөліктерді жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындап жатқандай көрініс жасаған. Осы мақсатта жәбірленушілерге банктік аударымдар жасалғаны туралы жалған құжаттарды ұсынған», – делінген хабарламада.
Директордың әрекеттерінен 6 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 128 млн теңгеден аса материалдық залал келтірілген.
Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қою қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кететін жайт, Қытайдағы премиум шетелдік көліктер Қазақстанға қарағанда екі есе арзан болып отыр.