Маңғыстауда Ыбықты сай жартастарына жазу жазған ер адам ұсталды

Маңғыстау облысында Ыбықты сай шатқалының жартастарына жазу жазған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, демалыс күндері әлеуметтік желілерде ер адамның шатқал жартастарына таспен жазу жазғаны бейнеленген видео тарады.
Бейнежазбаны әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері байқаған.
Вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 34 жаста, ол ұсталды.
Қылмыстық кодекске сәйкес, вандализм үшін 865 мың теңгеге дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Ыбықты сай Ақтаудан 50-60 шақырым жерде орналасқан. Каньон шілтерге ұқсайтын кеуекті әктас қабырғаларымен танымал. Бұл тау жыныстары шамамен 50 миллион жыл бұрын ежелгі Тетис мұхитының түбінде қалыптасқан.
Мамыр айында Ыбықты сай шатқалына жазу жазған адам 25 тәулікке қамауға алынған болатын.