Шарын паркінің маңында аң аулауға және пайдалы қазба өндіруге тыйым салынды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Aviasales.kz

Шарын ұлттық паркінің айналасы қорғалатын аймақ болып белгіленді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Алматы облысының әкімдігі 2026 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағын және табиғатты пайдалану режимін бекітті.

Қаулыға сәйкес, ұлттық парк маңайындағы ені кемінде 2 шақырым болатын жер қорғалатын аумақ болып белгіленді.

Қорғалатын аумақта ұлттық парктің экожүйесіне зиян келтіруі мүмкін бірқатар қызмет түріне тыйым салынады. Атап айтқанда, мұнда:

  • ұлттық парк экожүйесіне зиян келтіретін нысандарды салуға және пайдалануға;
  • атмосфераға зиянды заттар шығаруға, ашық су көздері мен жер бедеріне ағынды су төгуге;
  • пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге;
  • аң аулауға;
  • радиоактивті материалдар мен өндірістік қалдықтарды көмуге;
  • су ағысын өзгертуі мүмкін гидротехникалық нысандар салуға;
  • бөгде жануарлар мен өсімдік түрлерін енгізуге;
  • ұлттық парктің экожүйесіне зиян келтіруі мүмкін басқа да қызмет түрлеріне тыйым салынады.

Бірақ экожүйеге кері әсер етпейтін шаруашылық жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі. Яғни қорғалатын аумақта мал жаюға, шөп шабуға, туризм және демалысқа, балық аулау мен балық өсіруге, орман шаруашылығы жұмыстарына, өрт сөндіруге және бүлінген жерлерді қалпына келтіруге шектеу жоқ.

Сондай-ақ туристерге арналған орындар, тұрғын жай және ұлттық парк қызметкерлеріне арналған қызметтік ғимараттар салуға да рұқсат бар. Бұл жұмыстар кезінде жануарлардың мекен ету ортасы мен көбею жағдайына, көшу жолдарына және шоғырланатын жерлерге зиян тимей, сол қалпында сақталуы керек.

Бұған дейін осыған ұқсас қорғау аймағы Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі үшін де белгіленген.

Оқи отырыңыз: Шарын шатқалында жайылған бір үйір қарақұйрық фототұзаққа түсті (видео)

Сондай-ақ оқыңыз