Жасанды интеллект шенеуніктердің орнын баса ала ма

Жасанды интеллект шенеуніктердің орнын баса ала ма? Бұл сұраққа Үкіметте өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев жауап берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, басты міндет – адамдарды технологиямен алмастыру емес, олардың жұмыс өнімділігін күшейту.
«Бұл жерде қандай да бір алмастыру міндеті тұрған жоқ. Басты мақсат – тиімділікті арттыру. Әрине, жалпы жасанды интеллект технологиясының өзі кейбір мамандықтарға әсер ететіні сөзсіз», – деді Бахтияр Мұхаметқалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Вице-министр шенеуніктерді жасанды интеллектпен алмастыру ойда жоқ екенін тағы да қайталап айтты.
«Қайталап айтамын, мұнда кадрларды алмастыру міндеті жоқ. Жұмысты күшейту міндеті бар», – деді ол.
Бахтияр Мұхаметқалиевтің сөзінше, цифрлық трансформацияның бағыттарының бірі — жасанды интеллектіні мемлекеттік аппаратқа енгізу. Бұл орайда үдерістердің тиімділігін 30%-ға дейін арттыру міндеті қойылған. Ол мемлекеттік қызметшінің уақытының басым бөлігі тапсырмаларға жауап дайындауға, ақпаратты жинау мен тексеруге, сондай-ақ материалдарды бейінді департаменттермен, министрліктермен және басқа да мемлекеттік органдармен келісуге кететінін түсіндірді.
Жасанды интеллект бұл жұмыстың бір бөлігін автоматтандыра алады. Үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеп, қысқаша түйіндер дайындайды, қажетті мәліметтерді тауып, жауап жобаларын қалыптастырады.
«Айтып өткенімдей, қазірдің өзінде бұл жүйені бір министрлікте пилоттық режимде енгізіп жатырмыз. ЖИ заңнама талаптары шеңберінде жауап жобаларын дайындауға, қажетті ақпаратты табуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, ЖИ арқасында босаған уақытты мемлекеттік қызметшілер бірінші кезектегі маңызды міндеттерге бағыттай алады.
Бұған дейін Үкіметте 2028 жылға қарай Қазақстанның үш қаласында әуе таксиі іске қосылатыны айтылды.