Астанада Talan Towers-тен құлаған материал көліктің тас-талқанын шығарған

Астанада Talan Towers ғимаратының террасасынан құрылыс материалы құлап, тұрақта тұрған көлік зақымданды. Көлік иесі болған жағдайды әлеуметтік желіде жариялап, келтірілген шығынды толық өтеуді талап етті, деп хабарлайды Kursiv.media.
Көлігі зақымданған Әмина Махамбетованың айтуынша, оқиға 5 қазанда сағат 13:40 шамасында ГАСТРО орталығының тұрағында болған.
«Көлігіме Talan Towers ғимаратынан құрылыс материалы құлады. Оқиға орнына полиция келді. Оқиғадан кейін ғимарат қызметкерлері аумақтағы заттарды жинап, іздерді жоюға тырысты. Көлік құнын толық өтеуін талап етемін»,– деді ол.
Оның сөзінше, көлік қатты зақымданған және жөндеуге келмеуі мүмкін.
Talan Towers әкімшілігі оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, көлікке зақым келтірген фанера элементі ғимараттың террасасында орнатылған. Мұндай элементтер суық түскен кезде кеңістікті қар мен мұздан қорғау үшін жыл сайын бекітіледі.
«Кеше қатты желдің екпіні салдарынан элементтердің бірі жұлынып кеткен. Қазір компания ішкі тексеру жүргізіп, бекіту жүйесінің сенімділігін тексеріп жатыр. Оқиға құқық қорғау органдарында тіркеліп, қажетті шаралар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Talan Towers.
Talan Towers бұл жағдайды сақтандыру жағдайы деп атап, көлік иесіне келтірілген нақты шығынды толық өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Егер сақтандыру төлемі залалды толық өтемесе, қалған соманы компания өзі өтейтінін жеткізді.
Threads-тегі жазбаны көру
Оқи отырыңыз: Жүргізушінің тәртібіне қарай автосақтандыру бағасы өзгереді