«14 сарбаздың өлімі»: Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды \ фото: polisia.kz

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны қамауға алуға санкция берді. Бұл туралы Kursiv.Media Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ хабарлауынша, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскерилердің қаза табу фактісі бойынша Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұсталды.

«ІІМ Әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу шеңберінде қызметке салғырт қарағаны үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын, 1-ранжирлі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», – деп хабарлады ІІМ.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Айта кетейік, 3 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қорғаныс министрінің екі орынбасары және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметтерінен босатылды.

Каспийдегі қайғылы оқиға

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау кезінде болды. Кенеттен көтерілген дауыл мен қатты желдің салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіздің ағысы алып кетті.

Оқиға салдарынан сол күні 12 адам қаза тауып, үш адам құтқарылды. 25 қыркүйекте тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз