Оба әлі жойылған жоқ: ауру қай жерде таралған және одан қалай қорғануға болады

Жарияланды 6 Қазан 2026 15:56

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
Оба ауруынан қалай сақтануға болады? / Фото: Shutterstock

Көпшілік оба ауруын өткеннің еншісінде қалған дерт деп ойлайды. Алайда қауіпті инфекция бүгінгі күнге дейін адам өмірін жалмап келеді. Соңғы 10 жылда әлемде оба жұқтырған шамамен 6 мың адам тіркеліп, оның 582-сі қайтыс болған, деп жазады Kursiv.Media.

Оба – Yersinia pestis бактериясы қоздыратын жұқпалы ауру. Әдетте инфекция адамға ауру жұқтырған бүргенің шағуынан немесе індет жұққан жануармен байланысқанда беріледі.

Обаның қай түрі ең қауіпті

Обаның үш негізгі түрі бар: бубонды, септикалық және өкпе обасы. Олардың ішінде ең қауіптісі – өкпе обасы. Ол жөтелу кезінде адамнан адамға жұғуы мүмкін. Антибиотикпен емделмеген жағдайда ауру бір тәулік ішінде өлімге әкелуі ықтимал. Дегенмен дер кезінде ем қабылдаған жағдайда науқастың жазылып кету мүмкіндігі жоғары.

Микробиология, эпидемиология және иммунобиология журналының ғылыми жарияланымдары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеріне сүйенсек, 2015-2024 жылдар аралығында әлемде адамдар арасында обаның шамамен 5 880 жағдайы тіркелген. Оның 582-сі өліммен аяқталған.

Оба қай елдерде әлі күнге дейін кездеседі

Конго Демократиялық Республикасы – оба тұрақты тіркелетін негізгі аймақтардың бірі. Мұнда жыл сайын шамамен мың жағдай анықталады. Мадагаскарда да аурудың маусымдық өршуі жиі байқалады. Мәселен, 2017 жылы елде 2 мыңнан астам адам оба жұқтырған ірі індет тіркелген.

Ал АҚШ-та жыл сайын орта есеппен жеті жағдай анықталады.

Қазақстанда оба ауруының соңғы жағдайы 2023 жылы тіркелген. Ол кезде науқастан бубонды оба анықталған. Адам табиғатта болған кезінде бүрге шағып, инфекция жұқтырған.

Обаға қатысты соңғы жағдай туралы бұған дейін жазған едік. Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері қайтыс болғаны хабарланған еді. Алайда кейін Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметі оба ауруы анықталмағанын мәлімдеді. Әйелдің өліміне пневмония себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз