«Қазақстан» шоколадын шығаратын фабриканың басшылары ауысты

«ЛОТТЕ Рахат» кондитерлік фабрикасы акционерлерінің 2026 жылғы 2 қазандағы шешімімен компанияның Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Компанияның ұсынған мәліметіне сәйкес, Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Джин Хон Тхак кетіп, орнына Чо Кён Ун (CHO KYUNGWOON) сайланды.
«Осы шешім шыққан күннен бастап «ЛОТТЕ Рахат» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Джин Хон Тхак (JIN HUN TAG)-тың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын. 2. Чо Кён Ун (СНО KYUNGWOON) «ЛОТТЕ Рахат» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлансын», делінген хабарламада.
Енгізілген осы өзгерістерден кейін кондитерлік фабрика директорлар кеңесінің құрамында бес адам бар. Олар: Чо Кён Ун, Мин Джун Унг, Ахмед Аброрович Ахраров, Бэ Джонг Хан және Мұхтар Мақұлбаев.
«Рахат» фабрикасы – Қазақстандағы көп жылдық тарихы бар, ең ірі кондитерлік кәсіпорындардың бірі.
Кейінгі жылдары кәсіпорын толығымен шетелдік инвесторлардың, нақтырақ айтқанда, Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery Co. Ltd. компаниясының бақылауына өтті.
LOTTE 2013 жылы «Рахат» компаниясының акцияларының басым бөлігін сатып алған еді, ал 2021 жылы акционерлік құрылымнан қалған жергілікті инвесторлар да үлестерін сатқаннан кейін, кәсіпорын 100% кореялық компанияның меншігінде.