Дәуір аяқталды: Лионель Месси Аргентина құрамасындағы соңғы матчын өткізді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: instagram

Әлем футболының аңызы Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтады. 39 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы соңғы кездесуін Бенинге қарсы өткізіп, қоштасу ойынында гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Аргентина 3:0 есебімен жеңіске жетті. 

Қоштасу матчы Буэнос-Айрестегі 85 мыңнан астам жанкүйер жиналған «Монументаль» стадионында өтті. Кездесудің 10-минутында ойын арнайы тоқтатылып, стадиондағы жанкүйерлер Мессиге тік тұрып қошемет көрсетті. Аспанға отшашу атылып, екі команданың футболшылары аргентиналық капитанды құттықтады. 

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Месси өзіне тән қоштасу кешін ұйымдастырды. 48-минутта оның пасынан кейін Николас Отаменди есеп ашты. 61-минутта Нико Пас Аргентинаның екінші голын соқты, ал 71-минутта Месси пенальтиді дәл орындап, ұлттық құрамадағы соңғы голын салды. 

Матч алдында Аргентина әнұраны орындалған кезде Месси балаларымен бірге алаңда тұрып, көз жасына ерік берді. Финалдық ысқырықтан кейін де стадионда арнайы қоштасу рәсімі ұйымдастырылды. 

Месси Аргентина құрамасында 21 жылдан астам уақыт өнер көрсетті. Ол ұлттық команда сапында рекордтық 208 матч өткізіп, 126 гол соқты. Капитан Аргентинамен бірге 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын және 2022 жылғы Финалиссиманы жеңіп алды.

Сондай-ақ оқыңыз