Түскі ас ең қымбат елдер анықталды: Қазақстан нешінші орында

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Канадалық Visual Capitalist онлайн-талдау платформасы 98 елдегі арзан мейрамхана мен кафелердегі бір адамға арналған түскі ас бағасын зерттеді. Нәтижесінде Қазақстан әлем бойынша 40-орынға жайғасты.

Зерттеу барысында барынша объективті нәтиже алу үшін арзан мейрамханадағы немесе фастфуд орнындағы бір адамға арналған түскі астың орташа бағасы есепке алынған. Оған жергілікті тағамдар ұсынатын көше кафелері мен қарапайым асханалар да кірген. Рейтинг елдердегі бір адамға арналған түскі астың орташа бағасы негізінде жасалған. Барлығы 98 елдің көрсеткіші қарастырылған. Алайда тізімге Ресей, Тәжікстан, Израиль және Люксембург кірмеген.

Қазақстан 2026 жылы бір адамға арналған түскі астың қымбаттығы бойынша әлемде 40-орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіш Қазақстанды ТМД елдері арасында екінші орынға шығарды.

Қай елдерде түскі ас ең қымбат

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сырттан тамақтануға ең көп ақша жұмсайтын ел – Швейцария. Мұнда арзан мейрамханада немесе көше кафесінде бір адамға арналған түскі ас орта есеппен 31,20 доллар (14 193 теңгеге) тұрады.

Екінші орында – Норвегия. Бұл елде бір адамға арналған түскі астың орташа бағасы 23,60 доллар, яғни 10 735 теңге.

Үшінші орында – Дания. Мұнда түскі ас 23,43 доллар, немесе 10 658 теңге тұрады.

Үйден тыс тамақтану ең қымбат елдердің топ-10 тізіміне сондай-ақ Бельгия (23,36 доллар немесе 10 626 теңге), Нидерланд (23,36 доллар немесе 10 626 теңге), Ирландия (23,35 доллар немесе 10 622 теңге), Ұлыбритания (21,82 доллар немесе 9 926 теңге), Италия (20,19 доллар немесе 9 184 теңге), АҚШ (20 доллар немесе 9 098 теңге) және Австрия (18,68 доллар немесе 8 497 теңге) кірді.

Зерттеу авторларының есебінше, әлем бойынша арзан мейрамханада бір адамға арналған түскі астың орташа бағасы 9,35 доллар, яғни 4 253 теңге.

Бір адамға түскі ас қанша тұрады?

ОрынЕлТүскі ас бағасы
1🇨🇭 Швейцария31,20 доллар
2🇳🇴 Норвегия23,60 доллар
3🇩🇰 Дания23,43 доллар
4🇧🇪 Бельгия23,36 доллар
5🇳🇱 Нидерланд23,36 доллар
6🇮🇪 Ирландия23,35 доллар
7🇬🇧 Ұлыбритания21,82 доллар
8🇮🇹 Италия20,19 доллар
9🇺🇸 АҚШ20,00 доллар
10🇦🇹 Австрия18,68 доллар
40🇰🇿 Қазақстан10,85 доллар
—🌍 Әлемдік орташа9,35 доллар

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанда бұл көрсеткіш 10,85 долларды, немесе 4 935 теңгені құрайды. Бұл әлемдік орташа бағадан шамамен 1,5 доллар жоғары.

Қазақстандағы түскі ас бағасы Аргентина, Венгрия, Болгария, Мексика және Сингапурдан төмен, ал Польша, Грузия, Беларусь және Түркиядағы көрсеткіштерге жақын.

Ал ТМД елдерінің ішінде Қазақстаннан төмен көрсеткіш Әзербайжан (8,82 доллар), Өзбекстан (5,90 доллар) және Қырғызстанда (5,72 доллар) тіркелген.

Түскі ас ең арзан елдер

Әлемде бір адамға арналған түскі ас ең арзан ел – Бангладеш. Мұнда арзан мейрамханада тамақтану орта есеппен 1,63 доллар, яғни 741 теңге тұрады.

Одан кейін Индонезия (1,70 доллар), Боливия (1,73 доллар), Нигерия (1,85 доллар), Вьетнам (1,91 доллар), Непал (1,96 доллар), Үндістан (2,09 доллар) және Пәкістан (2,16 доллар) орналасқан.

Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарының саны артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 19 588 тамақтану орны жұмыс істеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп.

Сондай-ақ оқыңыз