Суретшілерге жаңа мемлекеттік атақ берілуі мүмкін

Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Заң жобасы президенттің мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Құжатта «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік наградаларға қойылатын талаптарды жетілдіру және заңнамаға редакциялық түзетулер енгізу ұсынылады.
Заң жобасы республикалық бюджеттен қосымша шығын бөлуді талап етпейді.
Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрайымы Үнзила Шапақ мемлекеттік наградалар туралы заң жобасына қатысты нақты ұсыныстардың енгізіліп отырғанын атап өтті.
«Заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына және қолданыстағы заңнамалық актілерге қайшы келмейді, теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығыстар бөлуді көздемейді», – деді Үнзила Шапақ.
Құрылтай депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Осыған дейін Мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілгенін Тоқаевтың баспасөз хатшысы хабарлаған еді.