
Құрылтай отырысында отандық музыка өнерін дамытуға үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған Шәмші Қалдаяқов медалін тағайындау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Отырыс барысында депутат Гүлісхан Нақбаева мәдениет және ақпарат министрлігінің бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовқа сауал жолдады.
«Заң жобасымен отандық музыка өнерін дамытудағы ерекше еңбегі үшін Шәмші Қалдаяқов медалін тағайындау көзделіп отыр. Шәмші Қалдаяқовтың есімі – ұлттың мақтанышы, ол әрбір қазақстандық үшін өте қымбат. Осыған орай, бұл марапатты беру кезінде негізгі басымдық тек ән шығармашылығы мен хиттердің авторларына беріле ме, әлде медальді алу критерийлері кеңірек болып, музыкалық педагогика мен жас таланттарды тәрбиелеуге үлес қосқандарды да қамти ма?», – деп сұрады депутат.
Сауалға жауап берген Қанат Жұмабайұлы марапат ауқымы кең болатынын жеткізді.
«Әрине, бұл медальдің ауқымы кең болады. Тек эстрадалық немесе дәстүрлі ән орындаушыларына ғана емес, композиторлар, дирижерлар, ән авторлары, сондай-ақ музыка өнеріне үлес қосқан ұстаздарымыз бен жаңа буын таланттар да қамтылады. Негізгі өлшем – азаматтың өнерге қосқан нақты үлесі мен шығармашылық жетістігі», – деп жауап берді вице-министр.
Еске сала кетейік, биыл тамыз айында Мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілген еді.