Депутат баланы жекеменшікке емес, таңдаған балабақшаның күту парағына қоюды ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұру тәртібін қайта қарау ұсынылды. Ата-ана баласын кезекке қою үшін басқа балабақшаға формалды тіркеуге мәжбүр болмауы керек. Осылай деген Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова ваучерлік қаржыландыру жүйесін де қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бала балабақшаға бармаса, ваучер кімге төленеді

Депутаттың айтуынша, қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға орналастырудың екі жолы бар. Бос орын болса, бала бірден қабылданады, ал орын болмаса, күту парағына қойылады.

Алайда күту тізіміне тұру үшін ата-ана баласын алдымен басқа балабақшаға тіркеуі керек. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күтетін отбасы баласын жекеменшік ұйымға формалды түрде тіркеуге мәжбүр болуы мүмкін.

Яғни бала құжат бойынша бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа ұйымнан орын күтеді.

«Бұл жерде егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді деген маңызды сұрақ туындайды», – деді Ләззат Қожахметова оқу-ағарту министріне жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат бойынша тіркеп қоятынын атап өтті. Оның сөзінше, ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр.

Қаржы нақты қызметке төленуі керек

2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың мақсаты – бюджет қаражатын балабақшада көрсетілген нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету.

Депутаттың пікірінше, бұл жүйеде баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, нақты тәрбиеленіп, білім алуы негізгі өлшем болуға тиіс.

«Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек», – деді ол.

Осыған байланысты «Әділет» фракциясы балабақша кезегін ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажет деп санайды.

Кезекке тұру тәртібі қалай өзгеруі мүмкін

Депутат бірнеше ұсыныс айтты.

Біріншіден, ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды түрде тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоя алуы керек.

Екіншіден, бос орын пайда болған кезде баланы қабылдау ашық әрі түсінікті кезектілікпен жүргізілу қажет.

Үшіншіден, ваучерлік қаржы баланың нақты балабақшада болғанын және оған қызмет көрсетілгенін растайтын цифрлық деректер негізінде төленуі керек.

Сонымен қатар «формалды тіркелу» мен «нақты тәрбиелену» ұғымдарын ажырататын тетік енгізу ұсынылды. Депутат пилоттық жобалардың нәтижесін де қоғамға ашық жариялау қажет екенін айтты.

Депутат министрлікке үш ұсыныс жолдады

«Әділет» фракциясы Оқу-ағарту министрлігіне:

  • ваучерлік қаржыны нақты көрсетілген қызметпен байланыстырып, баланың нақты қатысуын негізгі өлшем етуді;
  • формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеуді;
  • күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орындар арасындағы сәйкессіздікті азайту жөніндегі шараларды әзірлеуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, өзгерістер балабақша кезегін ғана емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік қаражаттың қалай жұмсалатынын да реттеуге мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: Балабақша ваучері кімге беріледі және оны қалай алуға болады. 

Сондай-ақ оқыңыз