Шоты бұғатталған борышкерлерге өмір сүруіне жететіндей ақша қалдыру керек – депутат

Құрылтай депутаты Асқар Мұхаметов Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдады. Онда ол банк шоттары бұғатталған борышкер азаматтардың өмір сүруіне жететіндей соманы қалдыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Елде 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған
Депутат қазіргі таңда елімізде 90 күннен астам төленбеген несие көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткенін айтты. Ал Әділет министрлігінің дерегі бойынша, атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған.
«Қарыз қайтарылуы керек. Дегенмен, қазір барлық төлем цифрлық форматта жасалатынын ескерсек, шоты бұғатталған адам азық-түлік, дәрі-дәрмек пен коммуналдық қызметтерді қалай төлейді? Адамның тапқан табысы қолына тимесе, оның еңбекке де ынтасы жоғалады. Карызды тек тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда борышкердің шотында ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе табысының кемінде 50 пайызы сақталуы тиіс деген талап бар. Алайда іс жүзінде бұл норма қағаз жүзінде қалып, шот шектелгенде азаматтар ақшасын мүлде пайдалана алмай қалды.
Мәселені шешу жолы
Осыған байланысты депутат келесідей нақты шараларды ұсынды:
- Борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз ақшаның (тигізілмейтін минимумның) сақталуын несие шартында міндетті түрде көрсету;
- Бұл механизмді банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыруды жолға қою;
- Шотқа шектеу қойылған кезде азаматтардың негізгі мұқтаждықтары үшін ақшаны пайдаланудың нақты әрі ашық тәртібін белгілеу.
«Депутаттық ұсыныс азаматтарды қарыздан босатуға емес, қарыз өндірілген кезде де олардың адамша өмір сүруіне жететін ең төменгі қаржысын қорғауға бағытталған», – деп түйіндеді Асқар Мұхаметов.