Таразы басында капитал тұр: АҚШ инвесторларын Қазақстанда не алаңдатады

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанның инвестициялық климатына қатысты кезекті баяндамасын жариялады. Құжатта еліміздің шетелдік капиталды тарту және бизнес жүргізу шарттарын жеңілдету бағытындағы ілгерілеуі мойындалған. Дегенмен инвесторлар тарапынан түсетін арыз-шағымдардың да көбейіп келе жатқаны баса айтылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Кәсіпкерлерді әсіресе салық саясатындағы тұрақсыздық, сот жүйесіндегі бұрмалау, импортты алмастыру шаралары мен сыбайлас жемқорлық сияқты факторлар алаңдатып отыр.
АҚШ ведомствосының ресми дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанға тартылған жинақталған тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 170 млрд долларға жетсе, соның 35,5 млрд доллары АҚШ үлесіне тиесілі.
Алайда сарапшылардың бағалауынша, Американың мұнай-газ секторындағы нақты капитал салынымы бұл көрсеткіштен де жоғары. Бұл айырмашылық қаржы ағынының басым бөлігі үшінші елдер арқылы өтуімен түсіндіріледі.
«Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен соған байланысты енгізілген санкциялар тудырған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан экономикасы шикізат бағасының қолайлы болуы арқасында жоғары төзімділік танытты. 2025 жылы сыртқы сауда айналымы өсіп, Қытай мемлекеті Ресейді басып озып, елдің ең ірі сыртқы сауда серіктесіне айналды», – делінген баяндамада.
Салық саясаты: Бизнеске түскен жаңа жүктеме
Инвесторлар наразылығының басты себебі ретінде 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі аталады. Құжат аясында қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшері 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді.
Бұдан бөлек, дивидендтерге салық енгізіліп, бейрезиденттерге салық салу ережелері қайта қаралды. Әсіресе роялти мен халықаралық салық салуға қатысты өзгерістер инвесторлар арасында үлкен күмән тудырып, қазіргі уақытта үкіметпен келіссөз арқылы талқыланып жатыр.
Мемлекет үлесі артып барады
2025 жылдың желтоқсанында Жер қойнауын пайдалану кодексіне енгізілген түзетулер мемлекеттік компаниялардың позициясын едәуір нығайтты. Жобалар бойынша «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның уран өндірудегі үлесі 50%-дан 75%-ға, ал барлау жұмыстарында 90%-ға дейін ұлғайтылды. Сол сияқты «ҚазМұнайГаз» бен QazaqGaz жаңа әрі аз зерттелген учаскелердегі келісімшарттардың кемінде 50%-ын иемдену құқығына ие болды.
Осымен қатар, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бағдарламасы да қатар жүргізіліп жатыр: 2026 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша жоспарланған 2068 нысанның 997-сі сатылып, бюджетке 3,3 млрд доллар түсті.
Мемлекет сот жүйесіне араласадвы
Баяндама авторларының пайымдауынша, Қазақстандағы сот жүйесін ресми түрде атқарушы биліктен тәуелсіз деп жарияланғанымен, іс жүзінде биліктің сотқа араласуы сақталып отыр.
Инвесторлар мен мемлекеттік немесе квазимемлекеттік компаниялар (МӨ) арасында коммерциялық дау туындаған жағдайда, жергілікті соттар басым түрде мемлекеттік субъектілердің пайдасына шешім шығарады.
Инвесторлар бюрократиялық кедергілерге, заңнамалық нормалардың әртүрлі түсіндірілуіне және сот процестерінің ашық жүрмеуіне жиі шағымданады.
Бұған дейін ел билігі мұнай саласындағы ірі инвесторлармен жасалған келісімдерді қайта қарайтынын мәлімдеген. Қазір ірі кен орындарына қатысты бірнеше дау халықаралық арбитражда талқыланып жатыр.