Енді жастарға үлкен сомада қаржы аудару қиындай түсуі мүмкін

Дропперлік жастар арасындағы тағы бір өзекті мәселеге айналды. Жеңіл табыс табу үшін жастар банк картасын алаяқтар қолына бергенін байқамай қалады. Осы мәселені шешу үшін депутаттар мобильді аударым кезінде биометриялық растау енгізуді ұсынып отыр, деп жазады Kursiv.Media.
Яғни депутат ұсынысы бойынша, 50 мың теңгеден көп сомада мобильді аударым жасағанда, банк биометриялық растау сұрауы қажет. Бірақ бұл бәріне қатысты емес.
«Жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек», – дейді «Әділет» партиясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек.
Ол оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі ұйымдастыру қажет дегенді айтады. Бұл іске құқық қорғау органдарының оқу орындары қызметкерлері және психологтары тартылуы керек.
Дропперлікке қатысы бар азаматтардың көбі жұмыссыз жастар
Депутат ұсынысын Құқықтық статистика деректеріне сілтеме жасай отырып нақтылады. Келітірлген деректерге сүйенсек, 2026 жылдың жарты жылдығында дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде 214 азамат күдікті болған. Олардың 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Оның ішінде 140 адам құқық бұзушылық жасалған кезде жұмыссыз жүрген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банктік шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.
Алаяқтар жастарды, оның ішінде студенттерді көбіне ақшалай сыйақымен қызықтырады. Солай олардың атынан шот ашады немесе банк картасын өзге адамдардың пайдалануына береді. Жеңіл табысқа сенген жастар заңсыз іске қосылғанын, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсіне бермейді..
Оқи отырыңыз: Студентке 16 млн теңге беріп, дропперлікке тартқандар ұсталды
Дидарбек Ділдәбек мұқтаж студенттерге тегін тамақ пен киімге арналған ваучерлер беру, күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру деген ұсынысын да атап өтті. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету қажеттігін айтты.