Тоқаев Турловқа білім беру саласына шахматты тұрақты енгізуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловты қабылдап, оны Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайлануымен құттықтады. Кездесу барысында мемлекет басшысы қазақстандық шахматшыларды даярлауды күшейту қажеттігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ел үшін шахматтың орны ерекше екеніне тоқталды. Шахмат спорттың бір түрі болуымен қатар, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың маңызды тетігі саналады.
«Соңғы жылдары қазақстандық шахмат мектебі қарқынды дамып келе жатыр. Елімізде спорттың осы түрімен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады», – делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген әйелдер құрамасының жарқын жетістігін айрықша атап өтті.
Бұдан бөлек, президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттерді атады. Мемлекет басшысы құрама команданың әзірлігін күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда шахматтан ірі халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына баса мән берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловтың жауапты қызметіне табыс тіледі. FIDE басшысы шахматты дамытуға ден қойып, оған қолдау көрсеткені үшін Қазақстан президентіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық шахмат федерацияларының қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру жөнінде мәлімет берді.
Еске салайық, 2026 жылғы 26 тамызда Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов дауыс берудің екінші турында FIDE президенті болып сайланды. Сайлау ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. бас директоры 196 дауыстың 110-ын жинады.
Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры FIDE президенті болып сайланғаннан кейін қазақстандық шахматқа қолдау көрсеткені үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірген болатын.