Украинадағы соғыста жүрген қазақтар қан майданнан видео жолдады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ресей әскерінің қатарында Украинадағы соғыста жүрген қазақтар қан майданнан видео жолдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желі арқылы хабарлады.

Бейнежазбада солдаттар тұратын кепеге бомба түсіп, жоқ болып кеткені көрінеді. Қазақстандықтардың айтуынша, оның ішінде 2 адам қалып мерт болған. Денесін жаңа ғана шығарып алып кеткен.

«Жататын орнымыз еді. Кеше түнде жарып кетті. Қазірде жарып жатыр. Бізде бәрі жаман болып жатыр. Балалар «тағы да ұруы мүмкін» деп айтып жатыр», – дейді қазақ тілінде видео түсіруші қазақстандық дауысы дірілдеп.

Қазақстандықтар адвокаттан оларды қашан елге алып кететінін сұраған. Мейірман Шекеев бұл видеоның жақында келгенін айтты. Ол Сыртқы істер министрлігімен байланыс орнату үшін Астанаға келген.

Қазақстандықтардың айтуынша, олар Ресейге күзет жұмысына орналасу үшін барған. Алайда оларды соғысқа баруға мәжбүрлеген.

Айта кететін жайт, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғыстан бір-ақ шыққан қазақстандықтарға байланысты Ресейге нота жолдады. Оларды елге қайтару үшін Ресей тарапымен түрлі деңгеде келіссөз жүріп жатқанын да хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз