Павлодарда бұрын игерілмеген бай кеніш ашылады: жобадан 24 млрд теңге түсім түспек

Павлодар облысының Баянауыл және Май аудандарында орналасқан, бұған дейін ешқандай өндірістік жұмыс жүргізілмеген «Достық» титан-цирконий кен орнын игерілмек, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Qazba.kz порталының жазуынша, жобаны «Druzhba Mining» ЖШС қолға алып отыр. Кен орнын өндірістік айналымға енгізу мәселесі бойынша қараша айының басында қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланған.
Компанияның қаржы жағдайы қандай
«Druzhba Mining» ЖШС-ның 2025 жылғы қаржы есебіне сәйкес, кәсіпорынның түсімі 30,8 млн теңгені құрады. Дегенмен бұл қаражаттың барлығы өнім мен қызметтердің өзіндік құнын жабуға бағытталып, негізгі қызметтен түскен табыс нөлге тең болды.
Айта кету керек, «Druzhba Mining» 2024 жылдың желтоқсанында тіркелген. Жарғылық құжаттарына сәйкес, кәсіпорын қатты пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, өңдеу және геологиялық барлау жұмыстарымен айналысады.
Кен орнының қоры қандай
«Достық» – бұрын-соңды ашық немесе жер асты тәсілімен өңделмеген жаңа кен орны. Тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес, мұндағы минералды ресурстарды 10 жыл бойы бұрғылау-жару жұмыстарынсыз, бір карьер шегінде ашық тәсілмен игеру көзделген. Кенді құм жер асты суларының деңгейінен жоғары орналасқандықтан, су басу қаупі жоқ.
Кен орны төрт жеке аймаққа бөлінген: «А», «Б», «Шығыс» және «Оңтүстік». Өндірістің алғашқы кезеңі Май ауданындағы «А» учаскесінің батыс бөлігінде басталады. Негізгі байлық «А» және «Б» учаскелерінде шоғырланған: мұнда ильменит қорының 66%-дан 80%-ға дейінгі, ал циркон қорының 70%-дан 75%-ға дейінгі үлесі жатыр.
Алғашқы өндіріс аймағы саналатын 2,47 шаршы шақырымдық «А» учаскесіндегі 13,8 млн тонна кеннің құрамында 60,6 мың тонна ильменит және 146,3 мың тонна цирконий бар. «А» учаскесінде орташа ильменит құрамы тоннасына 4 кг, циркон 8,3 кг құрайды. Карьерден кен өндіру көлемі жылына 1,5 млн тоннаға дейін жетеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін инвестор 1,9 млрд теңгеден астам (1 911 763 мың теңге) өз қаражатын салуды жоспарлап отыр. Бұл инвестицияның 1,2 млрд теңгесі тау-кен көлік жабдықтарын сатып алуға, ал 707 млн теңгесі айналым қаражатын толықтыруға бағытталады. Жоспарланған 10 жылдық кезеңдегі жиынтық кіріс 24 млрд теңгеден асады, ал жинақталған таза пайда 1,2 млрд теңгені құрамақ. Жобаның өзін-өзі өтеу мерзімі 3 жылға есептелген.
«Druzhba Mining» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы — Астана қаласында тіркелген «TZ Group Ltd» компаниясы. Ашық деректерге сәйкес, «TZ Group Ltd» акционерлері — Илья Ивахов пен шетелдік «Alphatech Investments» холдингі. Бұл холдинг шетелде тіркелгендіктен, оның түпкілікті иелері туралы ақпарат Қазақстанның ашық дерекқорларында жарияланбаған.
Бұған дейін Қызылордада күміс өндіретін комбинаттың құрылысы басталғаны хабарлаған.