Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк келісімге келді: WBO мәлімдеме жасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) екінші орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Kursiv.Media. Оның қарсыласы – кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банк (20-0, 11 КО).
Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери мәлімдеді. Оның айтуынша, екі боксшының командасы жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге келген.
Тараптар 7 қазанға белгіленген соңғы мерзімге дейін ұйымға жазбаша келісімдерін жолдаған. Осыған байланысты жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына қатысты промоутерлік сауда өткізілмейді.
Жекпе-жек қашан және қайда өтеді?
The Ring басылымының мәліметінше, Әлімханұлы мен Банк арасындағы чемпиондық кездесу 2026 жылдың желтоқсанында Данияда өтуі мүмкін. Алайда жекпе-жектің нақты күні мен өтетін орны әзірге ресми жарияланған жоқ.
Екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі бұған дейін британдық Хамза Ширазға тиесілі болған. Алайда ол Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті титул қорғау жекпе-жегінен бас тартып, белбеуін босатқан.
Осыдан кейін WBO рейтингте бірінші орында тұрған Әлімханұлы мен үшінші сатыдағы Якоб Банкке бос чемпиондық атақ үшін жұдырықтасуды тапсырды.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Енді қазақстандық боксшы екінші орта салмақта да чемпиондық белбеуді жеңіп алып, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға мүмкіндік алды.