
Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің 2026 жылғы рейтингін жариялады. Бұл рейтингтің он алтыншы шығарылымы болып отыр. Биыл тізімде Вячеслав Ким көш бастады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Вячеслав Ким 2023 жылы да рейтингтің бірінші орнына шыққан. Ол 2025 жылдың шілдесінде Alatau City Bank-ті сатып алған. Банк стратегиясының бір бөлігі жаңа Алатау қаласын дамытуға бағытталған.
2026 жылдың қыркүйегінде Ким мұнда білім беру, ғылыми және венчурлік жобалар орталығы – AÑSA HUB құратынын мәлімдеді. Оны қаржыландыру үшін көлемі 100 млн доллар болатын эндаумент қорын қалыптастыру жоспарланған.
Биылғы топ-50 тізіміне төрт жаңа бизнесмен енген. Олардың қатарында Integra Construction KZ бенефициары Шахмұрат Мүтәліп, Qazaq Stroy негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев, ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарын басқарған Кудрат Шамиев және Harvest Group халықаралық компаниясының негізін қалаған Алмаз Альсенов бар.
Шахмұрат Мүтәліп Eurasian Resources Group-тің 39,3%-ын сатып алып, «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясын сатып алу туралы келісім жасады. Нұрлан Артықбаев “Казақмысқа» бақылау орнатты. Кудрат Шамиев ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарын басқарды.
Алмаз Альсенов Қазақстанда агроиндустриялық кластер құрып жатыр. Қызылорда облысында жоба аясында суару инфрақұрылымын салу басталған. Сонымен қатар ол PSG Academy Kazakhstan футбол академиясын іске қосты. Астанада академияның алғашқы орталығы ашылады.
Forbes рейтингіне енген бизнесмендердің кәсіби спортқа қызығушылығы да артқан. Тимур Турлов «Шахтер» футбол клубын, Нұрлан Артықбаев «Ақтөбені», Дінмұхамед Идрисов «Тұранды», Шахмұрат Мүталіп «Ордабасыны» сатып алды. Сергей Кан «Қызыл-Жардың» инвесторы атанды. Ал Владимир Ким мен Олег Новачукке тиесілі KAZ Minerals семейлік «Елімай» клубының негізгі серіктесіне айналды.
Теннисте ұзақмерзімді инвестициясымен Болат Өтемұратов ерекшеленеді. Ол 2007 жылдан бері Қазақстан теннис федерациясын басқарады. Федерация мәліметінше, кәсіпкер осы спорт түрін дамытуға 200 млн доллардан астам қаржы салған. 2026 жылы Елена Рыбакина Australian Open және US Open турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастады.
Рейтингке енген кәсіпкерлердің қатарында медицина және білім саласының өкілдері де бар. «ОЛИМП» клинико-диагностикалық зертханаларының негізін қалаушы Ерлан Сүлейменов компаниясын 20 жыл ішінде 20 зертхана мен 600-ден астам процедуралық кабинеттен тұратын желіге айналдырған. Қазір кәсіпкер клиника, дәріхана және цифрлық сервистерді дамытып жатыр.
Тағы да оқыңыз: Алғаш рет Қазақстандағы ең бай әйелдердің тізімі жасалды