Польша елшісі «апай» дегені үшін қатты ұрыс естіді

Польша елшісі Михал Лабенда «апай» дегені үшін қазақстандық әйелден қатты ұрыс естігенін айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қазақ тілін тәп-тәуір меңгерген шетелдік елші бұл туралы әлеуметтік желіде баяндап берді.
«Мен де бір оқиға болды. Өткенде базарға бардым. Жасы кіші қыздарға «қарындас» дейдім, жасы үлкендерге «апай» деп айтамын. Бірақ менің жасымдағы әйелдерді қалай атайтынымды білмеймін. «Апай» дегенім үшін бір әйел қатты ұрысты. «Мен сізге апай емеспін. Сіздің жасыңыздамын», – деп айқайлап кетті. Не деп айту керек екенін сұрап едім: «білмеймін» деп жауап берді. Ол кісі білмесе, мен қайдан білемін. Сіздіңше мен қандай сөзді қолдануым керек еді?» – деп сауал тастады елші.
Қазақстандықтар елшіге көмек қолын созып, түрлі кеңес берді. Бірі «Ханым немесе замандас деп айтуға болады» деді. Кейбірі: «Бәріне «қарындас» деп айтыңыз» деп әзілдеген.
Айта кететін жайт, Польша елшісі Михал Лабенда «қыркүйек-қыргүйек» дауына қатысты пікір білдірген еді.