Теміржол маңында мал жайғандарға 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Теміржол маңында мал жайғандарға айыппұл екі есе өсуі мүмкін / Фото: Shutterstock

«Қазақстан темір жолы» теміржол маңында мал жаюға салынатын айыппұлды екі есе арттыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Компанияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, «жағдай әлі де күрделі» күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері 52 мыңнан астам мал иесіне теміржол маңындағы жайылым тәртібі түсіндірілді. Әкімшілік жауапкершілікке 378 адам тартылды.

«Алдын алу шаралары нәтиже беріп жатыр. Тоғыз айда пойыздардың малды қағу жағдайы 584-ке дейін азайды. 2025 жылдың осы кезеңінде 648 жағдай тіркелген. Алайда жағдай әлі де күрделі», – деп атап өтті «ҚТЖ».

2025 жылдан бастап құқық бұзушылық үшін ескерту жасалмайды, бірден 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл – 21 625 теңге. Қайталанған жағдайда айыппұл 10 АЕК, яғни 43 250 теңгені құрайды.

Қазір «ҚТЖ» айыппұл мөлшерін екі есе арттыруды жоспарлап отыр:

  • бірінші рет құқық бұзғаны үшін – 10 АЕК;
  • бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 20 АЕК, яғни 86 500 теңге.

ҚТЖ мал иелерін теміржол маңында малды қараусыз қалдырмауға және жайылым талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Еске салайық, жуырда Жамбыл облысында жүк пойызы теміржолға шығып кеткен 70 қойды қағып кетті. Оқиға Жұма-Тамды аралығындағы теміржол учаскесінде болған.

Сондай-ақ оқыңыз