Қазақстан Орталық Азияға ортақ телеарна ашуды ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру үшін аймақтық телеарна ашуды ұсынды. Жоба отандық Silk Way телеарнасының жанынан іске қосылуы мүмкін.

Ортақ ақпараттық кеңістік құру ұсынылды

Мемлекет басшысының айтуынша, Орталық Азия елдерін ортақ тарихи және мәдени мұра байланыстырады. Соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстар да жандана түскен. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар мен еске алу кештері ұйымдастырылып, жастар, университеттер, ғалымдар мен шығармашылық қауым өкілдері арасындағы байланыс күшейіп келеді.

Тоқаев осы жұмысты жалғастырып, елдер арасындағы тікелей диалогты кеңейту қажет екенін айтты.

«Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді», – деді Президент Орталық Азия және Әзербайжан елдері басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде .

Аймақтағы қауіпсіздікке қандай қауіп төніп тұр

Президент қазіргі күрделі жағдайда Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, терроризм, есірткі саудасы, қару-жарақ пен адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс және алаяқтық аймақ қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.

«Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы бағыттағы ынтымақтастықты күшейтуде Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулері маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Үшінші кездесу биыл 23-24 сәуірде Душанбеде өткен. Сондай-ақ Қазақстан былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын және қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алу шараларының тізбесін қолдайтынын айтты.

Сондай-ақ Тоқаев Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласында серіктестік құруды ұсынды.

Айта кетейік, Тоқаев қазір Түркіменстанда жүр. Ол 8–9 қазан күндері Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазада өтетін бірқатар халықаралық жиынға қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз