Металл қоры бірдей кен орындарының құны неге әртүрлі болады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Тау-кен саласында минералдық қор көлемі мен металдың орташа құрамы бір-біріне ұқсас екі кен орнының экономикалық құны екі түрлі болуы мүмкін. ACCA мүшесі, аудитор Назым Әбділдинаның айтуынша, жер астындағы металл көлемі – жобаны бағалаудағы бастапқы нүкте.

Инфрақұрылым мен орналасқан жері де әсер етеді

Мәселен, екі мыс жобасында да 500 мың тонна мыс қоры бар делік. Бірінші кен орны теміржол немесе автомобиль жолына, электр желісіне және су көздеріне жақын орналасқан, ал кенді өңдеу технологиясы күрделі емес.

Екінші кен орны шалғай жерде орналасып, оның қорын игеру үшін күрделі технологиялық шешімдер қажет болуы мүмкін. Оған қоса ол жерге дейін электр желісін тарту және кен байыту фабрикасын салу талап етіледі.

Қос кен орнының қоры ұқсас болғанымен, бірінші жобаны іске асыруға қажетті инвестиция көлемі екіншісіне қарағанда айтарлықтай төмен болады.

Металды бөліп алу дәрежесі (recovery)

Сарапшының айтуынша, кендегі металдың орташа құрамы (grade) да маңызды рөл атқарады. Алайда кен құрамындағы металдың барлығы 100% дайын өнімге айналмайды. Бұл орайда металды бөліп алу дәрежесін ескеру қажет.

«Мысалы, 1 млн тонна кендегі мыстың орташа құрамы 1% болса, онда шамамен 10 мың тонна мыс бар. Егер металды бөліп алу дәрежесі 85% құраса, технологиялық тұрғыдан алынатын металл көлемі шамамен 8,5 мың тоннаға тең. Сондықтан инвестор үшін кен құрамында қанша металл бар екені ғана емес, оның қанша бөлігін нақты бөліп алуға болатыны маңызды», – дейді маған.

Өндіру әдісі де әсер етеді

Назым Әбділдинаның айтуынша, жобаның экономикалық тиімділігіне күрделі және операциялық шығындар тікелей ықпал етеді:

  • Күрделі шығындар (CAPEX): Кенішті, кен байыту фабрикасын және қажетті инфрақұрылымды салуға жұмсалатын инвестициялар.
  • Операциялық шығындар (OPEX): Кен өндіру, өңдеу, тасымалдау және өндірісті жүргізуге байланысты ағымдағы шығындар.

Кен өндіру әдісі де жоба экономикасына елеулі әсер етеді. Кенді ашық әдіспен өндіру мүмкіндігі бар жоба мен жерасты кенішін (шахтаны) салуды қажет ететін жобаның капиталдық және операциялық шығындары айтарлықтай ерекшеленеді.

Металл бағасы және тиімділік

Нарықта металдың қымбат болуы жоба бірден жоғары табыс әкеледі дегенді білдірмейді. Егер бастапқы инвестиция көлемі үлкен, өндіріс шығындары жоғары немесе металды бөліп алу дәрежесі төмен болса, жобаның экономикалық тиімділігі де төмендейді.

«Сондықтан кен орнын бағалағанда инвестор үшін негізгі сұрақ тек «Жер астында қанша металл бар?» болмауы тиіс. Одан да маңыздысы – жер астындағы металдың қанша бөлігін өнімге айналдырып, оған қанша қаражат жұмсалады және жоба болашақта қандай ақша ағынын қалыптастыратыны», – дейді сарапшы.

Бұған дейін Павлодарда бұрын игерілмеген бай кеніш ашылатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз