Таиландқа барарда туристер нені ескеруі керек

Жарияланды
Фото: pexels

Таиланд елге келетін туристерге салық енгізуді заңнамалық тұрғыда қарастырып жатыр. Егер заң күшіне енсе, қазақстандықтар үшін Таиландқа сапар құны қымбаттауы мүмкін. Осыған байланысты Таиландқа баратын туристер білуі керек маңызды ақпараттарды жинақтадық, деп хабарлайды Kursiv.media.

Таиландта жергілікті тұрғындармен сөйлескенде дауыс көтермей, сабырлы әрі сыпайы болған жөн. Адамдарды, әсіресе балаларды басынан сипауға, сұқ саусақпен нұсқауға және аяқпен адамды, не Будда мүсінін көрсетуге болмайды. Храмдарға барғанда иық пен тізені жауып тұратын киім киген дұрыс.

Экскурсияларды таңертең жоспарлаған тиімді. Аралдар, қорықтар, снорклинг пен дайвингке күндіз барған жөн. Ал шоуларды, түнгі базарларды және күн бататын жерлерді кешке тамашалауға болады. 10–12 күндік демалысқа екі-үш экскурсия жеткілікті. Пхи-Пхи аралдары мен ұлттық парктерге бірнеше күнге барған ыңғайлы.

Экскурсия сатып алғанда тым арзан ұсыныстардан сақ болған жөн. Бағаға трансфер, билет пен тамақтың кіретінін алдын ала нақтылау керек.

Қала ішінде Grab немесе Bolt сияқты қосымшалар арқылы такси шақырған тиімді. Жеке такси жүргізушілері туристерден жоғары баға сұрауы мүмкін. Байк жалдау үшін халықаралық жүргізуші куәлігі қажет, ал дулыға тағу міндетті.

Қоғамдық дәретханаларда дәретхана қағазы болмауы мүмкін. Сапар алдында Таиландтың жергілікті заңдары мен салт-дәстүрлерімен танысып алған дұрыс. Бұл демалысты жайлы әрі қауіпсіз өткізуге көмектеседі.

Қазақстан мен Таиланд астаналары арасында 2026 жылдың 11 желтоқсанынан бастап тікелей рейстер ашылады. 

Сондай- ақ Таиланд үкіметі бірқатар елдің, соның ішінде Қазақстан азаматтары үшін визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін азайтты. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз