Karachaganak Support Service менеджері $2,2 млн жымқырғаны үшін 10 жылға сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Сот
Karachaganak Support Service менеджері $2,2 млн жымқырғаны үшін 10 жылға сотталды / фото: KursivMedia

Орал қаласының соты Karachaganak Support Service (KSS) компаниясының бизнес-менеджері Барлық Меңдіғазиевке үкім шығарды. Ол компаниядан $2,2 млн-ды АҚШ-тағы өзіне тиесілі компанияның шотына аудартқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, Меңдіғазиев KSS компаниясын бастапқыда өзі құрған және басқарған. Кейін үлестерін қызметкерлеріне бергенімен, бизнес-менеджер ретінде компанияны іс жүзінде бақылауын жалғастырған.

Сот анықтағандай, ол АҚШ-та жүрген кезінде компания директорын «ТеңізШевройлмен» келісімшартты ұзарту үшін жабдық сатып алу қажет деп сендірген. Алайда бұл ақпараттың жалған екені кейін анықталған.

Валюталық бақылау талаптарын айналып өту үшін төлемдерді пайызсыз қарыз ретінде рәсімдеуді ұсынған. Осылайша компания бірнеше траншпен оның бақылауындағы KSS Charlotte LLC компаниясының АҚШ-тағы шотына $2,2 млн аударған. Бұл сома 948,3 млн теңгеге тең.

Орал қаласының соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейінгі үкімді ескере отырып, түпкілікті жаза 10 жыл болып белгіленді.

Сонымен қатар оған үш жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленеді.

Сот KSS компаниясының азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталған азаматтан $2,2 млн шығынды және мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз