Петропавлда автобуста әйелге тиіскен адам 15 тәулікке қамалды

Петропавлда ер адам автобуста бейтаныс әйелге тиісіп, балағат сөздер айтқаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Істі Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қараған.
Оқиға 7 қазанда сағат 18:30 шамасында №4А автобуста болған. Сот мәліметінше, ер адам қоғамдық тәртіп пен жолаушылардың тыныштығын бұзған.
«Ер адам кінәсін толық мойындап, құқық бұзушылықтың мән-жайын растады», – делінген сот хабарламасында.
Оның әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін Петропавлда 37 жастағы ер адам мен оның 32 жастағы азаматтық некедегі әйелі кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін сотталған еді.