БҚО-да 6 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Батыс Қазақстан облысында 6 200 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Kursiv.media.
БҚО Сырым ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында жер пайдаланушылардың ұзақ уақыт бойы жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағанын анықтады.
«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы алаңы 6 200 гектардан астам, кадастрлық құны 75 млн теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған жер учаскелері заңды экономикалық айналымға енгізілуде», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға қайтарылған жер учаскелерін ауылдық жерде тұратын адал ниетті субъектілерге беру жөнінде тиісті бағдар берілген.
Таяуда Жетісу облысында шетелдік қатысуы бар компанияның 2,3 мың гектардан астам жері мемлекетке қайтарылған болатын.