Қазақстан азаматы Грузияда 16 жылға сотталды

Грузияда Қазақстан азаматы Иван Чекулаев көлігінің дәрі қобдишасында ауырсынуды басатын препарат тасымалдағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды деп жазады Kursiv Media sinegor.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Щучинск қаласының тұрғыны, жүк көлігінің жүргізушісі сәуір айында грузиннің Поти портында ұсталған. Ер адам бел омыртқасының қатты ауырсынуына байланысты өзімен бірге күшті дәрі алып жүрген. Ал Грузияда бұл препарат психотроптық және есірткі заттарының тізіміне жатқызылған.
Осыдан кейін жүргізуші тұтқындалып, оның жұбайы Юлия бес ай бойы күйеуін босатып алуға әрекеттенген. Мәселеге Бурабай ауданының әкімдігі мен прокуратура өкілдері де араласқан.
Дегенмен бұл дәріні азаматқа Германияда дәрігер жазып бергенін сотта дәлелдеу мүмкін болмады. Иван Чекулаевтың жақындары сот шешіміне шағымданбақшы. Грузия заңнамасына сәйкес, апелляцияға арыз беруге бір ай уақыт беріледі. Қазір сотталушының жұбайы адвокат іздеп жатыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, консулдық қызметкерлер азаматқа барып тұрған, сот отырыстарына қатысып, адвокат табуға септескен. Дипломаттар туыстарымен байланыста болып, консулдық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Сеулде құрылыста жүрген қазақ жігіті қайтыс болды