Шетелдік азамат аяқ киіміне 182 млн теңгенің алтынын жасырып өтпек болған

Қырғыз азаматшасы шекарадан заңсыз алтын құймаларын алып өтпек болған. Оларды аяқ киімінің ұлтарағына жасырған деп жазады Kursiv Media.
Тергеу мәліметінше, Қырғызстан азаматшасы бұл алтын құймаларды өз елінде сатып алып, кейін Қытайға заңсыз өткізуді жоспарлаған. Ол елімізге «Қордай Авто» өткізу пункті арқылы кірген.
Кедендік және шекаралық тексерістен аман өту үшін ол алтындарды аяқ киімінің ұлтарағының астына жасырған (әр аяқ киіміне үш құймадан). Дегенмен, шет елдік азаматша «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (ХШЫО) аумағында бақылаудан өту кезінде ұсталып, жасырын жүгі тәркіленді.
Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот жалпы салмағы 2,8 келі болатын 6 алтын құймаға сотқа дейінгі тәркілеу қолданды. 99 пайыздық таза алтынның жалпы құны 182,3 миллион теңгені құрайды. Сот қаулысы заңды күшіне еніп, тәркіленген қымбат металл мемлекет кірісіне айналдырылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.