Түркия жасөспірімдерге әлеуметтік желі пайдалануға ресми тыйым салды

Түркия ресми түрде жасөспірімдерге әлеуметтік желі қолдануға тыйым салды деп жазады Kursiv Media.
Үкімет бекіткен құжат бойынша әлеуметтік желілер балалардың қауіпсіздігіне өздері жауап береді. Яғни платформалар қызметтерін әуел бастан балаларға қауіпсіз болатындай етіп әзірлеуі керек.
Жаңа ережеге сәйкес, 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашуға және платформалардың қызметін пайдалануға рұқсат берілмейді. Қолданушының жасын тексеру үшін әлеуметтік желілер Түркияның e-Devlet мемлекеттік цифрлық қызметтер порталы арқылы жеке басын растау жүйесін енгізуге міндетті болады.
Ал 15–17 жастағы жасөспірімдер үшін қосымша шектеулер қарастырылған. Олардың аккаунттары да бастапқыда жабық болады, тікелей эфир жүргізуге тыйым салынады. Желіден шығатын жарнама да шектеледі. Шексіз жаңарып отыратын лента мен видеоларды автоматты түрде ойнату функциялары да өшіріледі. Бұған қоса басқа қолданушылар жасөспірімдердің жазылушылары мен байланыс тізімін көре алмайды.
Талаптарды орындамаған әлеуметтік желілерге қатаң жаза қолданылады. Түркияның Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар басқармасы компанияларға әлем бойынша бір жылда тапқан табысының 3%-ына дейін айыппұл сала алады.
Ал ережені қайта бұзған жағдайда әлеуметтік желінің Түркия аумағындағы жұмысын шектеу қарастырылған. Интернетке қосылу жылдамдығы 90%-ға дейін төмендетілуі мүмкін. Немесе ең қатаң шара ретінде платформаға ел аумағында толық тыйым салынуы ықтимал.
Жаңа қаулы 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап әлеуметтік желілерге жаңадан тіркелетін қолданушыларға жаңа талаптар қолданылады.
Айта кетейік, бұл мәселе Қазақстанда да қарастырылып жатыр. Премьер-министр Бектеновтың сөзінше, үкімет онлайн-платформаларда 16 жасқа толмаған пайдаланушыларды тіркеуді реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер әзірлеген. Қазір бұл түзетулер Құрылтай депутаттарының қарауына жіберілді.
Қазақстанмен бірге Қырғызстанда балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуді жоспарлап отыр.