Дзюдодан әлем чемпионатының туы Қазақстанға табысталды

Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады. Салтанатты рәсім Бакуде өтіп жатқан биылғы әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды деп жазады Kursiv Media.
Алдымен Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли жарыстың туын Халықаралық дзюдо федерациясына тапсырды. Кейін федерацияның бас хатшысы Лиза Аллан туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке табыстады.
Келесі әлем чемпионаты 2027 жылғы 7–14 маусым аралығында Астанада өтеді. Бұл жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінің маңызды бөлігі болмақ. Спортшылар Олимпиадаға қажетті рейтингтік ұпайлар үшін күреседі.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, чемпионатқа дайындық кезінде жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық беріледі.
Жанкүйерлер алдында, өз елімізде белдесу спортшыларымыз үшін маңызды сынақ болады. Сондықтан олардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және ел намысын абыроймен қорғауына қажетті жағдай жасауға көңіл бөлеміз. Алдағы чемпионат Қазақстанда дзюдоның дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз», – деді Қуанышбек Есекеев.
Осылайша, дзюдодан әлем чемпионаты 12 жылдан кейін Қазақстанға қайта оралады. Бұған дейін Астана 2015 жылы әлем біріншілігін қабылдаған. Ал 2023–2026 жылдары Қазақстан халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін тұрақты түрде өткізді.
Халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі Қазақстанның әлемдік дзюдодағы орнын нығайтуға және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Бакудегі әлем чемпионатында Қазақстан өкілі Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шығып, күміс медаль жеңіп алды.