Freedom Афиша Қайрат Нұртас концертіндегі оқыс жайт себебін анықтауға атсалысуға әзір

Жарияланды
Фото: instagram.com/kair_n

Freedom Афиша командасы Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде зардап шеккендер туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарына болған оқиғаның мән-жайын анықтауда көмектесуге әзір екенін мәлімдеді. Сондай-ақ зардап шеккендер мен куәгерлерге компанияның өзіне хабарласуды сұрайды.

10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне жиналғандар, кеш өтетін орынның кіреберісінде итерісіп, қысылып қалды. Freedom Афиша жағдайдың мән-жайын анықтап жатқанын хабарлап, қазіргі басты мақсат адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екенін атап өтті.

«Зардап шеккендер туралы хабарламаларға қатты алаңдап отырмыз. Болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз, бұл жағдайға қатысы бар барлық жандар үшін шын жүректен алаңдаймыз», – делінген команданың мәлімдемесінде.

Компания құқық қорғау органдарына барлық қолда бар ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық материалдары мен алаңдағы команданың жұмысы туралы деректерді беруге дайын екенін білдірді.

«Біз орын алған барлық мән-жайды мейлінше объективті әрі ашық түрде анықтауға мүдделіміз», – деп атап өтті Freedom Афиша өкілдері.

«Сахнада 20 жыл» концерті әншінің шығармашылық қызметінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық тур аясында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтеді деп жоспарланған.

Концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы. Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квоталар шеңберінде билет сатылымын қамтамасыз етіп, алаңда билеттерді тексеру және білезіктерді тарату бойынша волонтерлердің жұмысын ұйымдастырған. Компанияның ақпараты бойынша, алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру, күзет қою оның міндеттеріне кірмеген.

Freedom Афиша командасы болған оқиғаға бірлесіп талдау жасауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

«Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті қорытындылар жасалуы үшін оқиғаның себептерін түсінуге көмектесу біз үшін аса маңызды», – деп баса айтты компаниядағылар.

Оқиға туралы ақпараты бар зардап шеккендер мен куәгерлерден +7 771 936 53 53 телефоны немесе help@ticketon.kz электронды поштасы арқылы хабарласуды сұрайды.

Freedom Афиша тексерілген ақпараттың түсуіне қарай көпшілікті хабардар етуді жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыз