Yandex Go қосымшасының жұмысында ақау шықты

11 қазан күні таңертең Қазақстанда Yandex Go қосымшасының жұмысында техникалық ақау пайда болды. Әлеуметтік желі қолданушылары такси шақыра алмай жатқанын айтып, шағымданып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Threads желісінде қазақстандықтар Yandex Go қосымшасының ашылмайтынын немесе тапсырыс қабылдамайтынын жазып жатыр. Кейбір қолданушылар сервистің басқа қызметтері де істемей қалғанын хабарлады.
«Қазақстандағы Яндекске не болды? Ақылды үй жұмыс істемейді, қосымша ашылмайды, адамдар такси де шақыра алмай жатыр», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір қолданушы таңғы сағат 09:00-де іс-шараға баруы керек екенін айтып, таксиге тапсырыс бере алмай отырғанына шағымданған.
Yandex Go компаниясы не дейді?
Yandex Go Kazakhstan техникалық ақау бар екенін растады.
«Қазір кей сервистерімізде техникалық мәселелер туындап, олардың жұмысы уақытша қиындауы мүмкін. Бұл жағдайдан хабардармыз. Мамандарымыз сервистер жұмысын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшін салып жатыр», – делінген компания хабарламасында.
Компания қолайсыздық үшін кешірім сұрап, жағдайға қатысты жаңалықтарды ресми парақшаларында жариялайтынын жеткізді.
Айта кетейік, 9 қазанда да Қазақстанның Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында Yandex Go қолданушылары такси шақыру кезінде қиындықтарға тап болған.
11 қазанда «Яндекс» сервистеріндегі ақаулар Ресейдің бірқатар қаласында да тіркелді. Бұған қоса, Yandex Cloud инфрақұрылымындағы электрмен жабдықтау мәселелері туралы хабарланды. Алайда Қазақстандағы қазіргі ақаудың нақты себебі ресми түрде нақтыланған жоқ.
Қазақстандықтардың дербес деректері қайда сақталады?
Yandex Go баспасөз қызметі техникалық ақауға байланысты пайдаланушылардың дербес деректерінің қорғалуы жөніндегі мәселеге де түсініктеме берді.
Компания Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс істейтінін және қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері ел аумағындағы серверлерде, сондай-ақ заң талаптарына сай қорғауды қамтамасыз ететін шарттар негізінде сақталатынын мәлімдеді.
«Дегенмен, цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз ету үшін бірнеше елге таралған есептеу инфрақұрылымы пайдаланылады. Оның жекелеген технологиялық бөліктері түрлі елдегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан осы бөліктердің бірінде туындаған мәселе бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал», – деп түсіндірді компания.
Осылайша, Yandex Go сервистерінің жұмысы бірнеше елде орналасқан технологиялық инфрақұрылымға тәуелді болуы мүмкін. Дегенмен компания қазіргі ақаудың нақты қайдан шыққанын хабарлаған жоқ.
Баспасөз қызметі сервистердің жұмысына қатысты жаңалықтарды қолданушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми ақпарат арналары арқылы жеткізіп отыратынын мәлімдеді.