Эр-Рияд әуежайына шабуыл жасалды: 12 адам қаза тауып, 300-ден астамы жараланды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
фото: ТАСС

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан кемінде 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланды. Қаза тапқандардың арасында шетел азаматтары да бар, деп хабарлайды Kursiv.Media Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

11 қазанда Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдың салдары туралы мәлімет жариялады.

Қаза тапқандардың төртеуі – Сауд Арабиясының, екеуі – Бангладештің азаматы. Сондай-ақ қайтыс болғандар арасында АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Суданның азаматтары болған.

Жараланған 309 адамның кейбірінің жағдайы ауыр. Зардап шеккендер ауруханаларға жедел жәрдем көліктерімен және тікұшақтармен жеткізілген. Дереккөздердің хабарлауынша, ауруханаларда орын жетіспей жатыр.

Әуежайға бір аптада үшінші рет шабуыл жасалды

Reuters агенттігінің мәліметінше, Эр-Рияд әуежайына бір апта ішінде үшінші рет шабуыл жасалған.

Соңғы шабуыл кезінде Сауд Арабиясының қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған. Сондықтан тұрғындар мен әуежайдағы адамдарға алдын ала ескерту берілмеген. Осы аптадағы бұған дейінгі екі шабуылдан төрт адам қаза тауып, Сауд Арабиясының жолаушылар ұшағы айтарлықтай зақымданған.

10 қазандағы шабуылдан кейін Эр-Риядқа бағыт алған барлық рейс басқа әуежайға жіберілді. Шамамен 8 млн тұрғыны бар қалаға қызмет көрсететін әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Еске сала кетейік, қыркүйектің басында хуситтер Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерін кеңейтетінін мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі төрт қалаға соққы жасалды. Шабуылдардан 70-тен астам адам зардап шегіп, мұнай нысандарында өрт шыққан.

Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы хуситтердің бақылауындағы Йемен провинцияларына 60-тан астам әуе соққысын жасады.

19 қыркүйекте Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция хуситтердің Эр-Риядқа баллистикалық зымыран ұшырмақ болғанын хабарлаған. Коалиция өкілі Турки әл-Маликидің айтуынша, зымыран әуеде ұсталып, жойылған.

Соңғы апталарда хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы аумақтарды бақылауға алуға да күш салып жатыр. Аймақтағы қақтығыстар халықаралық теңіз саудасына қауіп төндіріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз