Яндекстегі ақаудан кейін inDrive бағасы күрт өсті: Арсен Томский себебін түсіндірді

11 қазанда таңертең Yandex Go сервисі істемей қалды. Соның салдарынан такси шақырғысы келген көптеген адам inDrive қосымшасына көше бастады. Алайда жолаушылар саны күрт көбейгендіктен, такси табу қиындап, жолақысының бағасы да өсті. Осы жағдайға байланысты inDrive негізін қалаушы Арсен Томский түсініктеме берді.
Арсен Томский Threads желісіндегі парақшасында Қазақстанда таңертеңнен бері inDrive арқылы такси шақырғысы келетіндер мен тапсырыстар саны күрт артқанын хабарлады.
«Бұл сұраныс пен ұсыныстың арасындағы тепе-теңдікті бұзды. Біздің команда бірнеше жыл бойы сапаны жақсарту үшін жұмыс істеді. Соның нәтижесінде сапарлардың 97,5 пайызы жолаушылардан бес жұлдыз алады. Біз осы көрсеткішті сақтағымыз келеді», – деп жазды Томский.
inDrive бағаны шектеуге кірісті
Томскийдің айтуынша, компания жүргізушілерді көбірек тарту үшін комиссия мөлшерін төмендеткен.
«Жүргізушілерді көбірек тарту үшін онсыз да нарықтағы ең төмен комиссиямызды міндетті салықтарды жабуға қажетті ең аз деңгейге дейін түсірдік», – деді ол.
Сонымен қатар inDrive негізін қалаушы жолақының шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін қосымша шара қабылданатынын мәлімдеді.
«Бүгін бағаның шектен тыс өсуін тежеу үшін саудаласу кезіндегі баға ауқымын қосымша шектеуіміз мүмкін», – деп жазды Томский.
inDrive сервисінде жолаушы жолақыны өзі ұсынып, жүргізушімен келіседі. Сондықтан тапсырыс көбейіп, бос көлік жетіспеген кезде жүргізушілер жоғары баға ұсынуы мүмкін.
Ал Yandex Go Қазақстандағы сервистерінің уақытша қолжетімсіз екенін растады. Компания мамандары ақауды жоюмен айналысып жатқанын, бірақ қызметтердің қашан толық қалпына келетінін әзірге айта алмайтынын хабарлады.