«Яндекс» серверлері Қазақстанға көшірілген болса, сервис неге істен шықты

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауға қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады Kursiv.Media. Ведомство қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, «Яндекс» сервистеріндегі іркілістер қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың тұрақтылығына қатысты сұрақтар туғызған.
Ведомство Қазақстандағы серверлердің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын растағанымен, такси және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір технологиялық компоненттер шетелде орналасқанын мойындады.
«Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл платформаның барлық бөлігі өз алдына дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтеріне қажетті жекелеген компоненттер Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Министрлік дербес деректерді Қазақстан аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екі бөлек міндет екенін атап өтті.
Қазір «Яндекс» компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Ал министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуде.
Сонымен қатар ведомство такси және жеткізу қызметін ұсынатын өзге платформалардың жүктеме артқан жағдайда да тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін 2023 жылы сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Яндекс» серверлерінің Қазақстанға көшірілгенін мәлімдеген болатын. Сол кезде министрлік yandex.kz порталының серверлері Қазақстан аумағына көшірілгенін хабарлаған.
11 қазанда Қазақстанда Yandex Go сервисінің жұмысында ақау тіркелді. Бұл жағдай Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған дрон шабуылдары туралы хабарлармен тұспа-тұс келді. Алайда аталған шабуылдардың Қазақстандағы техникалық ақауға тікелей себеп болғаны әзірге ресми расталған жоқ.