Астанада ер адам оқушы қыздың ізіне түскен: полиция істің мән-жайын анықтап жатыр

Астана қаласының тұрғыны Әсем Малыбаева әлеуметтік желіде қызының басынан өткен оқиға туралы жазды. Оның айтуынша, мектептен қайтып келе жатқан қыздың соңынан қара көзілдірік таққан белгісіз ер адам аңдыған, деп жазады Kursiv.Media.
Әсем Малыбаеваның сөзінше, ер адам қызымен бір автобусқа отырып, одан кейін де соңынан ерген. Мұны байқаған қыз қашып, үйінің кіреберісіне кіріп, есікті жауып үлгерген.
Алайда кейінірек қыз сол ер адамды үйінің ауласынан тағы көрген. Бұл жолы ол аулада ойнап жүрген басқа қыздың соңынан жүрген. Оқиғадан қатты қорыққан бала үйден шығуға үрейленіп қалған.
«Балаларыңызға көз салып жүріңіздер. Енді қызымды мектепке өзім апарып, өзім алып қайтамын. Қызым далаға шығуға қорқып қалған», – деп жазды Астана тұрғыны әлеуметтік желіде.
Аталған жазбаға Астана қаласы полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция басқармасы пікір білдірді.
Полиция мәліметінше, ер адамның жеке басын анықтау бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ол анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Полиция өкілдері осындай жағдайларға куә болған азаматтарды 102 арнасы арқылы хабарлауға шақырды.
Тағы да оқыңыз: 14 жастағы бала болып танысқан: интернет арқылы қыздарды алдаған күдікті ұсталды