Қазақстанда 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар қанша (инфографика)

Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі айына 500 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ал 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындардың үлесі небәрі 5,6%. Бұл туралы Kursiv.Media Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Статистика 3,38 млн жалдамалы қызметкерді қамтиды.
Төрт адамның үшеуі 500 мың теңгеден аз алады
Жалақысы 500 мың теңгеден аспайтын қызметкерлер саны шамамен 2,49 млн адамға жетеді. Бұл барлық жалдамалы қызметкерлердің 73,7%-ына тең.
Оның ішінде 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындар шамамен 1,4 млн адам немесе жалпы санның 41,5%-ын құрайды.
300-500 мың теңге аралығында жалақы алатындардың үлесі – 32,1%, ал 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі топқа шамамен 702 мың адам кіреді. Бұл – қызметкерлердің 20,8%-ы.
Қазақстандықтар қанша жалақы алады?
Жалдамалы қызметкерлердің есептелген жалақысы
Миллионнан жоғары жалақы алатындар – 5,6%
Айына 1 млн теңгеден көп жалақы алатындар саны шамамен 188 мың адам. Яғни мұндай табыс деңгейіне жалдамалы қызметкерлердің тек 5,6%-ы жетеді.
1-2 млн теңге аралығында жалақы алатындар шамамен 149 мың адам болса, 2 млн теңгеден жоғары табыс табатындардың саны 39 мыңға жуық.
Ал айына 3 млн теңгеден жоғары жалақы есептелетіндер бар болғаны 14,6 мың адам. Бұл барлық жалдамалы қызметкердің шамамен 0,43%-ы ғана.
Жоғары жалақы алатындардың көбі – ерлер
Жалақы деңгейі өскен сайын ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық та айқындала түседі.
1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындардың шамамен 71,2%-ы – ерлер, 28,8%-ы – әйелдер. Санмен есептегенде бұл тиісінше шамамен 134 мың және 54 мың адам.
Бұл ретте жалпы жалдамалы қызметкерлер арасында әйелдер саны ерлерден көп: статистикада 1,75 млн әйел және 1,63 млн ер адам көрсетілген. Соған қарамастан, ең жоғары жалақы топтарында ерлердің үлесі басым.