Педагогтерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі пилоттық жоба туралы не білеміз

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау жөнінде пилоттық жоба түпкілікті жаңа жүйе емес. Ұсынылған тәсілдер апробациядан өткізіліп жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті Kursiv.Media-ға берген жауабында осылай делінген.

Демек, бекітілген бұйрық тек пилоттық жобаны өткізу тәртібі.

Тиімділігі зерленеді

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығымен педагогтерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жоба 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске асырылып, 2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданылады», – делінген комитеттің жауабында.

Министрліктің ақпаратынша, №159-НҚ бұйрықпен педагогтерді аттестаттаудың түпкілікті жаңа жүйесі емес, пилоттық жобаны өткізу тәртібі бекітілген. Яғни қазіргі уақытта ұсынылып отырған тәсілдер апробациядан өткізіліп жатыр. Олардың тиімділігі практика жүзінде зерделену үстінде.

«Пилоттық жоба шеңберінде аттестаттауды педагогтің нақты кәсіби қызметінің нәтижелеріне бағыттау көзделген» делінген министрліктің ақпаратында.

Жобаға қандай мұғалімдер қатысады

Педагогтер берген өтініші негізінде біліктілікті бағалаудан және қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан өтеді.

«Пилотқа 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ПББ-ның бірінші мүмкіндігінде шекті мәннен өтпеген, сондай-ақ ПББ-ға тіркеліп, тестілеуге кіріспеген немесе тіркелмеген педагогтер қатыса алады. Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін педагогтерге аталған норма қолданылмайды», – делінген министрліктің жауабында.

Осылайша, ПББ-ның алынып тасталуы да – пилоттық жоба аясында сынақтан өткізіліп отырған тәсіл.

Қағазбастылық қалай азаяды

Қағазбастылықты азайту мақсатында педагогтің кәсіби қызметі туралы мәліметтер «Ұстаз» ұлттық платформасындағы кәсіби цифрлық бейінде қалыптастырылады.

«Мәліметтер тиісті ақпараттық жүйелер мен деректер базаларынан жинақталады. Ал цифрландырылған деректер болмаған жағдайда, оларды білім беру ұйымының басшысы белгілеген жауапты тұлға енгізеді» делінген министрліктің ақпаратында.

Еңбек өтіліне қарай оқу жүктемесі азайтыла ма

Мән беретін жайт, пилоттық жоба педагогтердің еңбек өтіліне қарай оқу жүктемесін азайту мәселесін реттемейді. Пилоттық тәртіптің нысанасы – педагогтерге біліктілік санаттарын беру және растау рәсімі.

Сонымен бірге, еңбек өтілі жекелеген біліктілік санаттарына қойылатын талаптардың бірі ретінде қарастырылған. Мәселен, орта білім беру ұйымдарының «педагог-зерттеуші» санатына үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қатысу немесе кемінде 20 жыл үздіксіз педагогикалық қызмет өтілі, ал «педагог-шебер» санатына белгілі бір баламалы талаптардың бірі ретінде кемінде 25 жыл үздіксіз педагогикалық қызмет өтілі көзделген.

Бес жылдық аттестаттаудан толық бас тарту көзделмеген

Министрліктің мәліметінше, еңбек өтілінің болуы санатты автоматты түрде беруді білдірмейді. Педагог тиісті санат бойынша өзге де кәсіби құзыреттерге сәйкес келуге тиіс.

«Біліктілік санатын бес жыл сайын растаудан толық бас тарту мәселесіне қатысты «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес педагог өзінің біліктілік санатының деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға немесе растауға міндетті. Бұл талап пилоттық Тәртіпте де сақталған», – делінген жауапта.

Сондықтан қазіргі уақытта біліктілік санатын тек еңбек өтіліне қарай автоматты түрде беру немесе бес жылдық аттестаттаудан толық бас тарту көзделмеген.

Бейнематериалдарды жариялау талабы қарастырылмаған

Педагогтерді әлеуметтік желілерге сабақтардың, мектепішілік іс-шаралардың немесе өзге де қызметінің бейнематериалдарын міндетті түрде жариялау талабын жоба қарастырмаған.  

«№159-НҚ бұйрықта мұндай талап көзделмеген. Аттестаттау үшін қажетті мәліметтер кәсіби цифрлық бейінде қалыптастырылады. Және комиссия «Ұстаз» платформасы арқылы тиісті құжаттар мен педагогикалық қызметті бақылау материалдарын қарайды», – делінген жауапта.  

Аттестаттау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады

Апробация барысында анықталған мәселелер мен тәуекелдер ескерілмек.

«Осылайша, қазіргі пилоттық жоба педагогтердің кәсіби қызметінің нақты нәтижелерін бағалау, артық құжат айналымын қысқарту, цифрлық деректерді пайдалану және білім беру ұйымдарының ерекшеліктеріне қарай талаптарды саралау тетіктерін сынақтан өткізуге бағытталған», – делінген министрліктің ақпаратында.

Министрліктің дерегінше, пилоттық жоба аяқталғаннан кейін оның іске асырылу нәтижелеріне кешенді талдау жүргізілмек. Талдау барысында педагогтерден, білім беру ұйымдары мен өңірлерден түскен ұсыныстар, апробация барысында анықталған мәселелер мен тәуекелдер ескерілетін болады.

«Пилоттың қорытындысы негізінде педагогтерді аттестаттау рәсімін жетілдіру мақсатында қолданыстағы аттестаттау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады», – делінген министрліктік жауабында.

Айта кететін жайт, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге арналған тесттердің алынып тасталғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, аттестаттау кезеңінде бес жылдың ішінде мұғалім төрт ашық сабақ беруі қажет. Зерттеуші секілді жоғары санатты мұғалім болса, онда ол мұғалім жас мамандарға тәлімгерлік жасайды. Оған да кәдімгідей балл қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз