ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтеріне қатысты түсінік берді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
ҚМА Перизат Қайраттың Дубайдағы пәтеріне қатысты түсініктеме берді
ҚМА Перизат Қайрат туыстарының Дубайдағы пәтеріне қатысты түсініктеме берді / instagram.com/01pk

Қаржы мониторинг агенттігі әлеуметтік желілерде сотталған Перизат Қайраттың туыстарының мүлкі туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұған дейін олардың Дубайда бірнеше пәтері бар екені айтылған еді, деп хабарлайды Kursiv.Media агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, Перизат Қайраттың туыстары бұл активтерді жымқырылған қаражат есебінен сатып алуы мүмкін деген болжам тексерілген, бірақ расталмаған.

«Тергеу барысында барлық қаржылық операция жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды. П. Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған. Ал А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталған жоқ», – деп хабарлады ҚМА.

Сонымен бірге ҚМА жылжымайтын мүлік 2011-2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға дейін және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынғанын айтты.

«Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген», – делінген хабарламада.

ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол берілетінін түсіндірді. Яғни, күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз