Қазақстанда ескі лизинг шарттарына да 16% ҚҚС салынады

Фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын бұрынғы 12% ҚҚС мөлшерлемесімен лизингке ала алмайды. 2026 жылға дейін жасалған келісімшарттарға да жаңа 16% мөлшерлеме қолданылады. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
ҚҚС шарт жасалған күнге емес, төлем мерзіміне қарай есептеледі
Вице-министрдің түсіндіруінше, ҚҚС мөлшерлемесі келісімшарт жасалған күнге емес, салық салынатын айналымның жасалған уақытына байланысты белгіленеді. Қаржы лизингі бойынша ҚҚС мөлшерлемесі төлем мерзімі басталған күнге қарай белгіленеді.
Сондықтан 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мерзімі келген төлемдерге 16% ҚҚС қолданылады. Бұл талап жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін жасалған шарттарға да қатысты.
«2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қаржы лизингі шарттары бойынша ғана 12% мөлшерінде ҚҚС мөлшерлемесін сақтау үшін негіздер қаралмайды», – делінген жауапта.
Шартты өзгерту мәселесі жеке қаралады
Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін қолдану мен лизинг төлемдерінің мерзімін және өсімпұл есептеу тәртібін бөлек қарастыру қажет екенін атап өтті. Салық мөлшерлемесі заңмен реттелсе, төлем кестесі мен өсімпұл шарт талаптарына байланысты болады.
Егер фермерлер бұрын бекітілген төлем кестесін орындауда қиындыққа тап болса, мәселені лизинг берушімен келіссөз арқылы, соның ішінде қайта құрылымдау және басқа да қолдау шараларын қолдану арқылы шешуге болады.
Вице-министрдің жауабында шарт жасалған күнге байланысты бөлек салық режимін енгізудің орнына, жекелеген шаруашылықтарға түсетін қосымша қаржылық жүктемені атаулы қолдау және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы шешу ұсынылған.
Фермерлердің лизинг төлемі 33%-ға өспейді
Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға көтерілуі лизинг төлемі үштен бірге өседі дегенді білдірмейді. Қосымша салық тек 2026 жылғы 1 қаңтардан кейінгі төлемдердің салық салынатын бөлігіне есептеледі.
«ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру лизинг құнының не тиісті төлем мөлшерінің 33%-ға ұлғаюын білдірмейді», – делінген Азамат Әмриннің депутаттық сауалға берген жауабында.
13 мыңнан астам шаруашылыққа әсер етеді
Депутаттық сауалда келтірілген есеп бойынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолданыстағы шарттары аясындағы қосымша төлемдердің жалпы көлемі 4,6 млрд теңгеге бағаланған. Бұл өзгеріс 13 181 шаруашылыққа әсер етеді. Орташа есеппен бір шаруашылыққа түсетін қосымша жүктеме шамамен 349 мың теңге болады.
Алайда нақты сома техниканың қалдық құнына, лизинг мерзіміне және төлем кестесіне байланысты өзгереді. Министрлік төлем жасау қиындаған жағдайда лизинг берушімен келісіп, қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастыруға болатынын да атап өтті.
Техника жаңартуға жеңілдетілген лизинг беріледі
«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 268,9 млрд теңгеге 10 393 техника берілген. Оның ішінде 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында 225,6 млрд теңгеге 8 893 техника сатып алу қаржыландырылған.
2026 жылы да қаржыландыру жалғасқан. Тамыздағы жағдай бойынша 7 925 техника сатып алуға 265 млрд теңгеге 6 974 қаржы лизингі шарты жасалған.
Тағы да оқыңыз: Шаруаларға 2027 жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі