Жаңа жылдан бастап жәрдемақы алатындардың тізімі ай сайын жаңарып отырады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: unsplash

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтар қалай бес санатқа бөлінетінін және отбасы туралы деректер қанша уақытта жаңартылып тұратынын түсіндірді.

Айта кетейік, 2027 жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасына» сай кей азамат ауқаттылар тізіміне қосылып, жәрдемақыдан қағылады. Қазір министрлікте 20,6 млн азамат туралы мәлімет бар. Бұл – 6,2 млн отбасы. 

Азаматтар бес санатқа бөлінеді 

  • А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
  • В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
  • С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.

Отбасының қай санатқа кіретіні 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша анықталады.

Олар:

  • қаржылық жағдайы;
  • мүлкі мен активтері;
  • тұрғын үй жағдайы;
  • жеңіл автокөлігі мен коммерциялық көлігінің болуы;
  • жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
  • жұмыспен қамтылуы;
  • несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
  • кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.

«Отбасының қай санатқа жататынын анықтаған кезде оның  үйі немесе көлігі ғана есепке алынбайды. Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық дерек ескеріледі», – деп хабарлады министрлік.

Өз табысыңызды мына жерде есептеп көре аласыз.

Жәрдемақыдан қағылатын отбасы портреті 

А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар кіреді. Бұл санат өлшемдерінің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп сома.

Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы керек.

Коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай-ақ люкс немесе премиум санатындағы қымбат көліктері де ескеріледі.

Деректер ай сайын жаңартылады

Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп тұрады. Отбасының жағдайы туралы мәліметтер үнемі жаңартылады.

«Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, олар картаға автоматты түрде жаңартылып отырады», – деп хабарлады министрлік.

Яғни, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.

Деректер қате есептелсе, не істеу керек?

Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Сондай-ақ оқыңыз